Семейде жаңа көпірдің құрылысы басталды
2025 жылға дейін Абай облысында 11 жаңа мектеп салынып, онда 5 мыңнан аса оқушы білім алатын болады. Сонымен қатар Семейде жаңа көпірдің құрылысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев «Қазақстан» Ұлттық телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысына жасаған сапары барысында бірқатар тапсырмалар берген болатын. Соның бірі - Семейде жаңа жылу электр орталығын салу.
Жақында «Самұрық Энерго» акционерлік қоғамынан жұмыс тобы келіп, Абай облысы әкімдігінің сала басшыларымен кездесті. Аталған жұмыс тобы жылу электр орталығы салынатын жерді көріп, танысты.
Семейдің автокөлік көпірі 1964 жылы салынған. Жүргізілген техникалық сараптама нәтижесі бойынша ол күрделі жөндеуден өткізуге жарамайды. Оның жанынан жаңа көпір салына бастады. Ескі көпірмен жаяу жүргіншілер өтетін болады. Аспалы көпірге келсек, оның конструкциясы бірегей, ерекше. Биыл жапондық мамандар келіп, көпір жағдайымен танысты, - деді өңір басшысы.