Бүгiн 2026, 13:13

Семейде жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған акция өтті

Бүгін «Семей» футзал клубы Қазақстан чемпионатының 28-туры аясында оралдық «Бәйтерек» командасын қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тартысты кездесуді көпшілікпен бірге облыс әкімі Берік Уәли тамашалады. Атап өтерлігі, матч барысында облыс жастары жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған акция ұйымдастырды. Оған 5 мыңға жуық адам жиналды.

Матч алдында сөз сөйлеген аймақ басшысы алдағы Конституциялық референдумның маңызына тоқталып, ел дамуы жолындағы құнды стратегиялық құжат екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл – Президенттің соңғы 7 жылда жүргізіп отырған саяси реформаларының логикалық жалғасы. Ал Абай жұртшылығы Мемлекет басшысының саясатын толық қолдайды. 15 наурызда бір кісідей референдумға келіп, жаңа Конституцияға дауыс беруге, қолдауға шақырамын, – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы «Семей» футзал клубының ел спортына қосып жүрген үлесі зор екенін айтты.

«Семей» мен «Бәйтерек» командалары арасындағы кездесу тартысты өтті. Жергілікті клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті.