Семейде ядролық сынақ құрбандарын еске алды

Облыс орталығында Семей полигонының жабылуына арналған дәстүрлі "Бейбітшілік акциясы" өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалысының белсенділері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары "Өлімнен де күшті" монументіне гүл шоқтарын қойып, ядролық сынақ құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Шараға Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов қатысып, ядролық қарусыздану жер бетіндегі бейбітшілікті сақтау жолындағы маңызды қадам болғандығын атап өтті.

Қазіргі таңда Қазақстан антиядролық қозғалыстың әлемдік аренасында сенімді позицияға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Біріккен ұлттар ұйымының ассамблеясында "Ядролық қарусыздану Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды қырына айналды. Біз ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы күресімізді жалғастыра береміз" деген болатын. Бұл біз үшін - зор мақтаныш. Береке мен бірлікті, тыныштық пен татулықты мұрат еткен халқымыз мақсатына жетті. Себебі ядролық қаруды жою – адамзат қауымының ең басты арманы мен қауіпсіздік көшін бастаған еліміздің теңдессіз қадамдарының бастауы болды, - деді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.

Шара аясында халықаралық ядролық қарсы іс-қимыл күніне арналған көрме қойылды. 

Сондай-ақ Абай облысының қалалары мен аудандарында түрлі акция, көрме, коференциялар ұйымдастырылды. 

Семей полигоны осыдан 33 жыл бұрын, 1991 жылы 29 тамызда жабылды. Осылайша Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып ядролық қарудан бас тартқан ел болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Семей қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы