Семейде TikTok эфирінде балағат сөз айтқан әйел мәжбүрлі емдеуге жіберілді
Полиция мәліметінше, әйел психикалық денсаулық орталығына үш ай мерзімге мәжбүрлі түрде жатқызылған.
Абай облысының полицейлері құқыққа қайшы контенттің жолын кесу мақсатында TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирді анықтады. Эфир барысында әйел адамның балағат сөздер айтқаны белгілі болды.
Полиция оның жеке басын жедел анықтады. Ол – Семей қаласының 53 жастағы тұрғыны. Тамыз айында да осындай құқықбұзушылық жасағаны үшін сот оған әкімшілік қамақ жазасын тағайындаған.
Бұл жолы тәртіп сақшылары жедел жәрдем бригадасымен бірге әйелдің тұрғылықты мекенжайына барған. Сонымен қатар онымен бірге тұратын азаматтан да шағым түскені хабарланды.
Полиция мәліметінше, әйел психикалық денсаулық орталығына үш ай мерзімге мәжбүрлі түрде жатқызылған.
Абай облысы Полиция департаменті әлеуметтік желілерде қоғамдық тәртіпті бұзу заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті. Ведомство «Заң мен Тәртіп» қағидаты баршаға ортақ екенін атап өтті.