Семейде стартап жобалар байқауы өтті
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін заманауи үстел ойындары арқылы да оқытуға болады, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Бұл мектеп оқушыларының сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Семейде өткен стартап жобалар байқауында қаладағы университет оқытушысының бірі осындай ерекше жоба ұсынды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осымен екінші рет өтіп жатқан сайысқа 20-дан астам жұмыс түскен. Бұған дейінгі байқау жеңімпаздары 10 миллион теңгеге коворкинг орталық ашу, мобильді қосымша, ғимаратта балық өсіру сынды жобаларды сәтті жүзеге асырған. Ал биыл жобасы үздік деп танылғандарға қолдау ретінде 30 миллион теңге беріледі.
Біз ең алдымен осы әдістеме классикалық білім беру үрдісіне, қағидаларына қаншалықты сай келетінін зерттегіміз келеді. Одан кейін қажетті деген үстел ойындарын қазақ әдебиетіне икемдесек дейміз. Қазір ежелгі дәуір әдебиеті мен 19 ғасыр әдебиетінің үлгілерін алмақшымыз, - деді байқауға қатысушы Райымбек Нұрбаев.
Байқау алдағы уақытта да жалғасады.
Бұл байқау осымен тоқтамайды. Алдағы уақытта да жалғасады. Мақсатымыз – ғалымдарды қолдау, студенттердің жобасына алғашқы қаржылай көмек көрсету. Осы жобасын министрліктерге ұсынып, грант ұтып жатқандар да бар. Бұл бізді қуантады, - деді Ғылым департаментінің директоры Берікхан Иісбекұлы.