Семейде шырша безендіремін деп жарақат алған мұғалімнің кім екені белгілі болды

Семейде қала шыршасын безендіріп жатқанда биіктен құлап кеткен адам мектеп мұғалімі әрі жазушы Қуат Айтқали екені белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы оның досы Біржан Ахмер жазды.

Біржанның сөзінше, биіктен құлаған досы Қуат Айтқали жансақтау бөлімінде жатыр.

Ол №49 мектепте жұмыс істейді. Қазір науқастың жағдайы ауыр. Мәселеге тікелей қатысы бар тұлғалар ел алдында жауап береді деп ойлаймыз. Қуаттың денсаулығы мектеп басшылығына емес, өзіне, отбасына керек. Мұғалімдерді осындай жұмысқа тарту қаншалықты дұрыс? Досыма амандық тілеймін. Тезірек сауығып кетсін, - деп жазды Біржан Ахмер Facebook-те.

Еске сала кетейік, 22 желтоқсанда Семейде шыршаны безендірген мұғалім ауыр жарақат алғаны белгілі болды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және әріптесіміздің жарақат алуы заң бұзушылықтың айқын көрінісі екенін айтты. 

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те мұғалімдерді міндетіне сай емес жұмыстарға тартуды тоқтату керегін айтып, мәселеге қатысты өз ұсыныстарын айтқанын жаздық. 

Кейін Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту фактісі бойынша Абай облысының білім басқармасы барлық мән-жайды анықтау үшін қызметтік тексеріс бастағаны айтылды. 

Еске сала кетейік, Семейде Жаңа жыл шыршасының шамын жағу 25 желтоқсанға ауыстырылды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: facebook.com/birzhanzzz
Өзгелердің жаңалығы