Семейде Respublica форумы өтті: Өңірдің дамуына қатысты қандай бастамалар айтылды?
300-ден астам тұрғын қатысқан жиында кәсіпкерлік, жұмыс орындары мен жастардың болашағына қатысты маңызды ұсыныстар талқыланды.
Семей қаласында Respublica партиясы жақтастарының форумы өтті. Оған Абай облысының 300-ден астам тұрғыны – кәсіпкерлер, өндіріс қызметкерлері, фермерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар мен қоғам белсенділері қатысты.
Форумның негізгі тақырыбы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы болды. Қатысушылар жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті қолдау, білім сапасын арттыру және жастардың туған өлкеде өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау мәселелерін талқылады.
Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров Respublica-ның сайлауалды бағдарламасының басымдықтарын таныстырып, елдің берік экономикасы адал еңбек етіп, кәсібін дамытып, болашағына сеніммен қарайтын азаматтан басталатынын атап өтті.
Партияның тең төрағасы Сырымбек Тау әр өңірдің өзіндік артықшылықтары бар екенін айтып, Абай облысының даму әлеуеті оның тарихи мұрасы, туризмі мен кәсіпкерлігінің тоғысқан тұсында жатқанын жеткізді.
Форумда Абай облысының тумалары, Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ерболат Мұхамеджан мен Лаура Вайгорова ерекше ықыласпен қарсы алынды.
Ерболат Мұхамеджан бүгінде елге өндірісті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашатын азаматтарды қолдайтын саясат қажет екенін айтты.
Біз кәсіпкерді мінген көлігімен емес, құрған жұмыс орындарының санымен бағалаймыз. Біз байлыққа қарсы емеспіз – біз кедейлікке қарсымыз. Сондықтан еңбек етіп, өндіріс ашып жүрген адамдардың жолын жеңілдетуіміз керек, – деді ол.
Лаура Вайгорова Respublica қатарына қосылуына түрткі болған оқиғамен бөлісті. Оның айтуынша, бір білім беру компаниясы жұмысын тоқтатқан кезде мыңдаған отбасы балаларының оқуына төлеген қаржысынан айырылу қаупіне тап болған. Сол сәтте Respublica командасының бастамасымен білім беру ұйымдары күш біріктіріп, 1500-ден астам баланың оқуын тегін жалғастыруына мүмкіндік жасалды.
Сол кезде мен Respublica-ның сөзден бұрын іске мән беретін партия екеніне көз жеткіздім. Абай жерінің тумасы ретінде мен үшін әр баланың, қай жерде тұрса да – қалада немесе ауылда – сапалы білім алуға тең мүмкіндігі болуы өте маңызды, – деді ол.
Форум жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен аяқталды. Кештің әсерлі сәттерінің бірі – ақсақалдың елге бейбітшілік, бірлік пен береке тілеп берген ақ батасы болды.