Семейде Қыдыр Ата дауыс берді
Абай облысында тіркелген 416 мыңнан астам дауыс берушінің 60 процентке жуығы өз таңдауын жасап үлгерді, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Аймақта бүгін 478 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Семей қаласында 149 сайлау учаскесі ашылған. Абай облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірден 413 адам өз кандидатурасын ұсынған. Оның 50-і облыстық мәслихатқа, 355-і қалалық және аудандық мәслихатқа, 8-і Парламент Мәжілісіне депутаттыққа үміткер.
Саяси науқан облыста қызықты өтіп жатыр деуге болады. Мәселен, таңертең Семейде әз Наурыздың символы Қыдыр ата болып киінген азамат өз таңдауын жасап, жұртқа ақ батасын берді.
Сайлау жақсы өтіп жатыр. Халық белсенді. Баршаңызды әз Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Үміткерлерге сәттілік тілеймін,- дейді ол.
Ерекше атап өтер жәйт, дәл осы күні қалада жас отбасы шаңырақ көтеріп, некесін қиды. Ал Аягөз қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде наурыз көже таратылды.