Семейде қоқысты рұқсат етілмеген орындарға шығарғандарға 25 айыппұл салынды
Семейде стихиялық қоқыс үйінділерін жою бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көктем маусымында "Ғарыш сапары" космомониторинг мәліметінше Семейде стихиялық полигондардың саны 283-ті құрады.
Оның 39-ы Семей қаласына қарасты ауылдық округтерде. Ауылдық округтердің әкімдері мен әкімдік бөлімдеріне стихиялық қоқыс үйінділерін әкетуді және жоюды ұйымдастыру үшін учаскелер бекітілді.
Биылғы жылдың 8 қарашасындағы жағдай бойынша қала бойынша 244 учаскі мен ауылдық округтер бойынша 39 учаскі қоқыстан тазартылды.
Айта кетейік, қоқысты рұқсат етілмеген орындарға шығаруға жол бермеу мақсатында Семей қаласының полиция басқармасымен бірлесіп "Сергек" бейнебақылау камералары арқылы қоқысты рұқсатсыз шығару фактілерін анықтау бойынша мобильді патруль жұмысы ұйымдастырылды.
2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылықтың 3463 жағдайы анықталды. 1 млн 945 мың теңге сомасына 25 әкімшілік айыппұл салынды. Алдағы уақытта қала аумағынан стихиялық қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жалғасатын болады.