Семейде қабылданған қатаң карантиндік шаралар 10 күнде оң нәтиже берді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда Шығыста коронавирустық инфекцияға қарсы дайындалған инфекциялық және провизорлық төсек-орындардың тек 30 пайызына ғана науқастар жатқызылған.

Бұл туралы бүгін ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өңірдегі COVID-19 жағдайы туралы тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген облыс әкімі Даниал Ахметов хабарлады. Маусым айында өңірдегі коронавирустық инфекциямен ауырғандар саны 135 адамнан 2313 адамға бір-ақ өсіп, өсім көрсеткіші 17 есеге жетті. Қазіргі уақытта стационардан 505, ал амбулаториядан 617 науқас жазылып шықса, 537 адам стационарда, 654 пациент амулаториялық режимде ем қабылдауда. Сонымен қатар, бүгінгі таңда 2134 адам тіркелген 639 ауру ошағы қатаң бақылауға алынған.

Үш ай көлемінде елімізде адамдары ең аз ауырған облыс болдық. Инфекцияға қарсы тұру мақсатында жоспарлар құрдық. Басында 100 инфекциялық төсек-орын болса, қазіргі уақытта олардың санын 1770-ке жеткіздік. Облыстағы аурухана төсектерінің бүгінгі таңда 30 пайызына ғана науқастар жатқызылған. 104794 адам ПТР тесттен, ал 66 мың адам экспресс тесттен өтті. Осылайша, облыс бойынша 170 842 адам коронавирус инфекциясына қатысты тестпен қамтылды. Облыста инфекциялық төсектер санын17 есеге, ал провизорлық төсек-орындар санын 401-ден 1 896-ға арттыруға қолжеткізілді. Сонымен қатар, аудан, қала әкімдері жоспарға сәйкес осындай төсек-орындар санын одан әрі арттыруға мүмкіндіктері бар, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Осы әредікті пайдаланып, қажетті тәжірибе жинақтау арқылы бұдан да ауыр болуы мүмкін деп күтілетін коронавирустың күзгі толқынына дайын болу керектігін алға тартқан аймақ басшысы, эпидемиологиялық жағдайдың күнделікті бақылауда ұсталып отырғанын атап өтті.

Әр аудан, қала әкіміне, бас дәрігеріне ауруханадағы төсек-орындарда жатқан науқастар санын 70 пайыздан асырмаулары қажет. Облыста бұл көрсеткіштің 30 пайыздық деңгейде тұрғанын қарамастан, көрсеткішті өсірмеуіміз керек. Өйткені, алда-жалда коронавируспен ауырған науқас келіп түскен және оған орын болмаған жағдайда, ел арасында қауесет тарап кетеді. Бүгінгі жағдайды өңірдің денсаулық сақтау саласы толықтай өз бақылауында ұстап отыр, - деді аймақ басшысы.

Қазіргі уақытта облыс бойынша коронавирустық инфекциядан жазылып шыққандар көрсеткіші 45,8 пайыз. Бастапқыда қиын жағдай Семей қаласында болды. Мұнда 756 жағдай тіркелген. Өскеменде 621 адам инфекцияға шалдыққан. 179 жағдай Аягөз ауданында болса, оның 120-сы Аягөз қаласының үлесіне тиесілі. Маусым айының басында науқастар көрсеткіші бойынша 68 пайызбен Семей қаласы көш бастап тұрған. Өскеменде ол бар болғаны 12 пайыз болған. 19 күні Семейге қатысты қатаң карантиндік шаралар енгізіліп, 9 күннен кейін онда 22 адам тіркелсе, Өскеменде керісінше 23-ке жеткен. 29 мусым күні Семейде 11 адам тіркелсе, Өскеменде 21 адамды құрады. Осылайша, 4 шілде күні Семейде - 12, Өскеменде – 53 адамға жеткен.

Бұл көрсеткіштерден қабылданған қатаң шаралар эпидемиологиялық жағдайға сөзсіз оң әсер ететіні белгілі болды. Осыған орай, 25-26 маусым күндері қатаң шектеу шаралары Өскеменге енгізілді. Енді оның нәтижесін жақын күндері көреміз деп ойлаймын. Аурудың вакцинасы жоқ кезде одан сақтанудың жалғыз жолы – өзін-өзі оқшаулау екені белгілі. Сол себепті қозғалысты демалыс күндері, кешкі уақыттарда шектеу, басқа да қатаң шектеулер адам өмірін сақтайды. Шектеулер халық арасында келіспеушіліктер туындатса да бұдан басқа жол жоқ екеніне көзіміз жетіп отыр. Бұл жалғыз біздің облыстың ғана емес, бүкіл әлемнің тәжірибесі, - деп қосты облыс әкімі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы