Семейде полиция ғимаратының жанында ер адам соққыға жығылды
Семейде орталық полиция бөлімі мен өрт сөндіру қызметі ғимаратының жанында ер адамды соққыға жыққан сәтті куәгерлер бейнетаспаға түсіріп алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға кадрларында ер адамның жол белгісінің қасында асфальтта жатқанын көруге болады. Оның айналасында үш адам тұр: олар айғайлап, тепкілеп, соққы жасаған. Біреуі зардап шегушіні ұстап тұрса, екіншісі аяғынан тартып жатыр, ал үшіншісінің қолында пышаққа ұқсас зат байқалады. Біраз уақыттан кейін тағы бір адам келіп, жағдайға араласуға тырысқан.
Әлеуметтік желі қолданушылары бейнежазбаға пікір білдіріп, бұл орталықта орын алған «пышақтасу» болуы мүмкін екенін жазған.
Абай облыстық полиция департаменті оқиғаның болғанын растады.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал жеке араздық негізінде шыққан, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция зардап шеккен азаматтың ауруханаға жеткізілгенін нақтылады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу деректері жария етілмейді.