Семейде полицейлер итті асып өлтірген күдіктінің жеке басын анықтады
Семей қаласының тәртіп сақшылары жануарға қатыгездік көрсеткен адамның жеке басын анықтады.
Семей қаласының тәртіп сақшылары жануарға қатыгездік көрсеткен адамның жеке басын анықтады. Бұған дейін хабарланғандай, 12 сәуір күні сағат 09:00 шамасында Красный Пильщик пен Қабылбаев көшелерінің қиылысында, Силикат зауытының маңында өтіп бара жатқан тұрғындар ағаштардың арасынан шынжырға асылып қалған иттің өлексесін тауып алған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ Аlashtimes.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған оқиғаға байланысты полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы 2-бөлігіне сәйкес ("жануардың өліміне әкеп соққан қатыгездік") сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі тергеу барысында иттің иесі 67 жастағы әйел адам екені анықталғанын мәлімдеді. Ол жасаған іс-әрекетін толықтай мойындаған. Қазіргі таңда оқиғаға қатысты бірнеше сот сараптамасы тағайындалды.
Көршілерінің айтуынша, аталған азаматша психоневрологиялық диспансерде есепте тұрады. Алайда, бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмаған. Полиция қызметкерлері ҚР ҚПК-нің 201-бабына сілтеме жасап, тергеу деректерінің жария етілмейтінін атап өтті.
Кешенді тергеу нәтижесінде облыс орталығы тұрғынының әрекетіне заң шеңберінде тиісті баға беріледі, - деп хабарлады полиция департаменті.