Семейде Отан қорғаушылар күніне орай концерт өтті

Семейліктер бүгін Отан қорғаушылар күнін жоғары деңгейде атап өтті. Бүгінгі бағдарламада әскери оркестрдің қойылымдары ғана емес, сонымен қатар музыкалық және би нөмірлері де болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мерекелік концерт Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың құттықтау сөзімен басталды.

Құрметті жерлестер! Баршаңызды Отан қорғаушылар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерді Тәуелсіздік пен бейбітшілік жолында, егемен еліміздің тыныштығын күзеткен, батылдық пен батырлықтың мерекесі – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекетіміздің айбынды әрі берік қорғаны – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері. Дана халқымызда «Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран» - деген ұлағатты сөз бар! Кешегі Қабанбай, Бөгенбайлардың жолын қуып, ерлік, өрлік рухта тәрбиеленген әр қазақстандық, Отан алдындағы борышын адал ақтап, ел ертеңін еселей түседі деп сенемін!, - деп атап өтті Нұрлан Ұранхаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы әскери қызметшілерді қызмет өткеру кезінде көрсеткен жоғары нәтижелері үшін алғыс хаттармен марапаттады. Оларға «Шығыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары – Асқар Жұмабайұлы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының басқарма бастығы - Дәурен Мұратұлы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының бағыт аға офицерлері – Асыл Отанұлы мен Қайрат Қабдығалиұлы және 54777 әскер бөлімінің командирі – Қанат Құралұлы ие болды.

Марапаттау рәсімінен кейін Семей қаласының орталық алаңында орналасқан сахнада отандық эстрада жұлдызы Мәдина Сәдуақасова, театр және облыстық филармония, қалалық мәдениет сарайының әртістері, музыкалық және би ұжымдары өнер көрсетті. Әскери қызметшілер де өз шығармашылықтарын ортаға салды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Абай облысы әкімдігінен
Өзгелердің жаңалығы