Семейде мектеп ұжымы ата-ана қамқорынсыз қалған бойжеткенге пәтер сыйлады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Семейде Назарбаев Зияткерлік мектебі ата-анасының қамқорынан ерте айырылған аягөздік бойжеткенге пәтер кілтін сыйлады. 


Тағдырдың қатал сынына ұшыраған аягөздік Еркежан Ерсінқызына Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы бір бөлмелі пәтер кілтін сыйлады. Облыстық Білім басқармасымен ата-анасының қамқорлығынан айырылған және жетім балаларға әлеуметтік-патронаттық қолдау бойынша өзара ынтымақтастық әлеуметтік шартына отырған мектеп ұжымы Еркежанның Тұрғын үй жинақ қорына 2013 жылдан бері қаржы аударып келген. 

«Қазақта «Жетім көрсең, жебей жүр» деген жақсы сөз бар. Біздер мектеп ұжымы қоғамда орын алатын келеңсіз оқиғаларға бей-жай қарай алмаймыз. Ұрпақ тәрбиелеуші ретінде дәл осы Еркежандай жастарымыздың келешегі көңілімізді алаңдатады. Қызымыздың бақытты сәтіне ортақтасып, оның арманына қол жеткізуіне себепші болғанымызға біз де қуаныштымыз. Пәтерді таңдау құқын Еркежанның өзіне бердік. Тек тиісті құжаттарының дұрыс ресімделуіне қызметкерлеріміз көмектесті. Бұл баспана оған құт-береке әкелетін шаңырақ болсын деп тілейміз», - деді Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Қайыржанов. 


Еркежанның таңдауы бір бөлмелі екінші деңгейлі пәтерге түсті. Барлық коммуникациялық желілері іске қосылған, жылы әрі жарық баспана қаланың қолайлы ауданында орналасқан. 

«Өз үйімнің болғанын армандасам да, аяқасты баспаналы боламын деп еш ойламаппын. Тіптен мектептен хабарласып, «сенің банкте есеп-шотың бар, сол шоттағы ақшаға үй алып береміз» дегенде мүлдем сенбедім. Бүгін қуаныштан толқып тұрмын. Өмірде қайырымды, жанашыр адамдардың бар екеніне көзім жетті. Маған көмектескен аға-апайларыма мың алғыс айтамын», - деді Еркежан Ерсінқызы. 


Қоса кетсек, 19 жасар бойжеткен әкесінен тым ерте, анасынан 12 жасында айырылыпты. Соңғы 5 жылдан бері туысқан ағасының шаңырағында тұрып келеді. Қазір Аягөз қаласындағы политехникалық колледждің 3-курсында «Бағдарламашы» мамандығын игеріп жатқан ол оқуын әрі қарай университетте жалғастырмақ көрінеді. 


Сондай-ақ, бұл күні мектеп ұжымы Еркежанға баспанасының алғашқы жиһазы ретінде микротолқынды пешті сыйға тартты. 


   

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы