Семейде лудоманияға қарсы форум өтті
Абай облысының әкімдігі мен облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп «Абай облысы – лудоманиясыз аймақ» атты облыстық форум өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараның басты мақсаты – қоғамда құмар ойындарының зияны туралы түсінікті күшейтіп, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және лудоманияның алдын алу.
Форум аясында департамент мамандары тұрғындарға құмар ойындарына қатысты құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес берді. Сондай-ақ «Өлеңдер мен ұрандар», «Көркем оқу шеберлері», «Фотобайқау», «Комикстер мен сторибордтар», «Музыкалық байқау» секілді бірнеше номинацияда жеңімпаздар марапатталды.
Іс-шараға қатысқан облыс әкімі Берік Уәли қоғам үшін аса өзекті тақырып көтерілгенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда ұлтты алға жетелейтін ізгі құндылықтармен қатар, ел дамуына кедергі келтіретін зиянды әдеттерден арылу қажеттігін айтқан еді. Лудомания – сол бес кеселдің бірі. Абайдың “Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол” деген өсиетінің мәні де осында. Бұл жоба – жастарды жаман әдеттен қорғауға, олардың санасын дұрыс қалыптастыруға бағытталған бастама, – деді аймақ басшысы.
Форум барысында Семей қаласындағы №10 мектептің 2-сынып оқушылары Жанель мен Анель Жиенбековалар бейнеролик байқауындағы ерекше шығармашылық еңбегі үшін облыс әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды.
Шара соңында «Дариға-ай» жастар театрының «Шәй ішейікші» атты қойылымы ұсынылып, Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училище мен Әміре Қашаубаев атындағы филармония ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынды.