Бүгін Семейде көпбалалы отбасыларға пәтер кілттері табысталды
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Семей қаласына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов көпбалалы 45 отбасыға пәтер кілттерін табыстады.
«Құрметті жерлестер сіздерді жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын. Бүгін Елбасының тапсырмасын орындап, Семей қаласындағы көпбалалы 45 отбасыға пәтер кілттерін табыстағаным мен үшін зор қуаныш. Біз өңірдегі тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөлудеміз. Биыл жыл соңына дейін 200 осындай отбасы өз пәтерлеріне ие болады», - деді Даниал Кенжетайұлы.
Баспанаға ие болған көпбалалы аналар да қарап қалған жоқ. Өз тараптарынан тұрғынүй табыстаған өңір басшысына алғыстарын аямады. Осындай аналардың бірі, «Күміс алқа» иегері Қанипа Буланова осыған дейін алты баласымен тар үйді паналап келгенін жасырмады.
«Қуанышымда шек жоқ. 13 жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрып келдім. Бүгін көптен күткен арманым орындалып, екі бөлмелі пәтерге ие болдым. Барлықтарыңызға үлкен рахмет», - деді Қанипа Буланова
Қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне 10,5 мың азамат тіркелсе, олардың 371-і көпбалалы отбасылар. Соңғы үш жыл көлемінде өңірде тұрғын үй құрылысын жүргізу қарқын алғаны белгілі. Өткен жылы облыста 410,5 мың шаршы метр тұрғынүй қолданысқа берілсе, биыл 639,9 мың шаршы метр тұрғынүйді қолданысқа беру жоспарланған.