Семейде көлік есігіне отырып жол жүрген жолаушы жауапқа тартылды
Полиция мұндай әрекеттердің адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін ескертеді.
Семей қаласында қозғалыс кезінде көліктің есігіне отырып жол жүрген жолаушы мен оған жол берген жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оқиға 17 шілде күні сағат 01:00 шамасында Тұрлыханов көпірінде тіркелген. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары қозғалыс кезінде ВАЗ-2115 автокөлігінің 23 жастағы жолаушысының көлік салонынан тыс, есікке отырып келе жатқанын анықтаған. Көлікті 20 жастағы жүргізуші басқарған.
Полиция қызметкерлері қысқа уақыт ішінде құқық бұзушылардың жеке басын анықтап, тексеру жүргізді. Нәтижесінде жүргізуші жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін, ал жолаушы Жол жүрісі қағидаларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция мұндай әрекеттердің адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін ескертеді. Кенет тежелу, қауіпті маневр немесе жеңіл жол-көлік оқиғасының өзі жолаушының көліктен құлап, ауыр жарақат алуына немесе қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Абай облысы Полиция департаменті азаматтарды жолды қауіпті ойын-сауықтың немесе әлеуметтік желіге контент түсіретін орынға айналдырмауға шақырып, жол қауіпсіздігі әрбір қатысушының ортақ жауапкершілігі екенін еске салды.