4 Қазан 2026, 15:21 Фото: видеодан скриншот

Семейде дабыл тапаншасынан оқ атқан ер адам 5 тәулікке қамалды

23 жастағы тұрғын мас күйінде аспанға екі рет оқ атқан.

Семейде Абай облысының тұрғыны мейрамхана маңында дабыл тапаншасынан оқ атқаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Polisia.kz мәліметінше, оқиға 23 қыркүйекте сағат 02:00 шамасында Момышұлы көшесіндегі мейрамханалардың бірінің маңында болған. Мас күйде болған ер адам дабыл тапаншасынан аспанға екі рет оқ атқан.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын жедел анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Ол Семей қаласының 23 жастағы тұрғыны Никита Боронин болып шықты.

Ер адамға қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішіп мас күйде жүру, ұсақ бұзақылық жасау және тыныштықты бұзу фактілері бойынша шара қолданылды.

Сот қаулысымен оған бес тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Полиция қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салды.