Семейде бір түнде 96 құқық бұзушылық анықталды
Рейд кезінде қоғамдық орындарда мас күйде жүрудің және алкоголь ішу фактілерінің 15, ұсақ бұзақылықтың 3, абаттандыру қағидаларын бұзудың 7 дерегі тіркелді.
Семей қаласында «Профилактика» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында өткен түнгі рейд барысында полиция қызметкерлері 96 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Рейд кезінде қоғамдық орындарда мас күйде жүрудің және алкоголь ішу фактілерінің 15, ұсақ бұзақылықтың 3, абаттандыру қағидаларын бұзудың 7 дерегі тіркелді. Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық салада 11 құқық бұзушылық анықталып, бес азаматқа қорғау нұсқамасы берілді.
Полицейлер 30 ойын-сауық мекемесі мен профилактикалық есепте тұрған 138 азаматты тексерді. Сонымен қатар, жасөспірімдерге қатысты 11 құқық бұзушылық анықталып, төрт баланың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені белгілі болды.
Полиция мұндай іс-шаралардың мақсаты қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алу екенін атап өтіп, тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және күмәнді жағдайлар туралы 102 арнасына хабарлауға шақырды.