Семейде баланы емдеймін деп уәде берген емші ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Семей тұрғыны ауруды дәстүрлі емес медицина арқылы емдеймін деп алаяққа алданды, деп хабарлады Алтайньюс.
Мамыр айының басында Семей қаласындағы Әуезов полиция бөлімінің «102» жедел арнасына 42 жастағы қала тұрғыны жүгінді. Ол 2017 жылдың көктемінде белгісіз әйел қызының аурудан жазамын деп уәде беріп, оның 210 000 теңге көлемінде ақша қаражатын иемденгенін айтқан.
Жәбірленуші, қаскөйдің «емдейтін қасиеті» барын ести сала, баласын тері ауруынан жазып шықпақ болып, оған жүгінген. Алайда, емнің нәтиже бермегенін көріп, полицияға арыз жазған.
Құқық қорғау органдары дереу қылмысты ашуға бағытталған шараларды қабылдау нәтижесінде 61 жастағы күдікті ұсталды. Жауап алу кезінде ұсталған әйел өз кінәсін мойындады, - дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта оған қатысты келу міндеттемесі түрінде қылмыстық мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК - нің 190-бабы 1-бөлігі – «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Баптың санкциясы 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.