Семейде балаларға арналған футзал академиясын салу мәселесі талқыланды
Абай облысының әкімі Берік Уәли «EA GROUP HOLDING» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Семей қаласында балаларға арналған футзал академиясын салу жобасы қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Инвесторлардың мәліметінше, жоба аясында әлемдік стандарттарға сай жабық спорт кешені бой көтереді. Балаларға арналған футзал академиясының базасында 400–500 баланың спортпен айналысуына мүмкіндік беретін жабық спорт кешені, оқу және медициналық блок, ашық алаңдар мен демалыс аймақтары қарастырылған. Сонымен қатар, бір мезгілде 150 бала тұра алатын интернат құрылатын болады.
Аймақ басшысы жобаның өңір спорты үшін маңызды екенін атап өтті.
Семей – қазақ футболының отаны. «Елімай» футбол командасы мен «Семей» футзал клубы бүгінде жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Бұл жоба осы командалардың ізбасарларын дайындауға мүмкіндік береді. Сондықтан игі бастаманы қолдаймыз. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті көмектің барлығын көрсетеміз, - деді Берік Уәли.
«EA GROUP HOLDING» компаниясы облыстың әлеуметтік-мәдени нысандарына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бұған дейін Семейдегі Невзоров атындағы музейге картина алуға көмектесіп, Абай атындағы театрдың өзге өңірлерге гастролдік сапарларын ұйымдастырып, облыс орталығындағы мектептердің біріне жөндеу жүргізген.