22 Қыркүйек 2026, 18:51 Фото: видеодан скриншот

Семейде автожуу аумағында газгольдер жарылып, жүк көлігі мен екі үй өртенді

Семейде автожуу аумағында газгольдер жарылды.

Семей қаласының Солтүстік ауданы Сосновая көшесінде бір қабатты автожуу ғимаратында жарылыс болды. 

Осы сәтте ТЖМ өрт сөндірушілері автожуу орнындағы өртті сөндіруде. Өрт сөндіру есептоптары келгенге дейін газгольдер жарылған.

Өрттің жүк көлігі мен екі жеке тұрғын үйге де таралғаны анықталды. Өрт аумағы анықталуда. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Оқиға орнында ТЖМ күштері мен құралдары жоғары ранг бойынша жұмыс жүргізуде, - деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі. 

Оқиға орнында үздіксіз су беру қамтамасыз етіліп, өрт сөндіру оқпандары берілді. Өртті сөндіруді үйлестіру үшін оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылды.

ТЖМ өрт сөндірушілері өртті сөндіру жұмыстарын жалғастыруда.