Кеше 2026, 20:45
Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов
Семейде автокөлік ішінен екі ер адамның мәйіті табылды
Алдын ала мәлімет бойынша, өлім себебі – көмірқышқыл газынан улану.
Семей қаласының шетінде "ҚазМұнайГаз" жанармай құю бекеті маңында "Газель" маркалы автокөліктің салонынан екі ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, ер адамдар көлікте түнеген кезде көмірқышқыл газынан уланып көз жұмған. Болжам бойынша, олар жылыну үшін автономды жылыту құрылғысын пайдаланған, ұйықтап қалып, қайта оянбаған.
Абай облыстық полиция департаменті қаза болғандар дерегін растады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел қызмет өкілдері барған. Зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Қаза тапқандар ішінен жабылған, қозғалтқышы қосулы автокөліктің салонында болған. Алдын ала өлім себебі – көмірқышқыл газынан улану. Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады, - деп хабарлады ведомство.
Қайғылы оқиғаның нақты себептері ресми сараптама нәтижелері шыққаннан кейін белгілі болады.