Семейде алғашқы халықаралық MED-конгресс өтті

Семейде екі күнге созылған бірінші халықаралық MED-конгресс аяқталды деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Әлемнің әр түкпірінен жиналған медицина саласының білікті ғалымдары мен мамандары өзара тәжірибе бөлісіп, шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. 

18-19 қазанда Семей медицина университетінде «Адам және денсаулық. Медицинадағы көпсалалы тәсіл» атты алғашқы халықаралық MED-конгресс өтті. 

MED-конгресс алаңдарында Қазақстан, Түркия, Жапония, Ресей, Беларусь, Қырғызстан жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары, медициналық ұйымдарының өкілдері бас қосты. 

Конгресті ресейлік Рязань, Алтай және Кемерово медицина университеттері, Мәскеу психоанализ институты, сонымен қатар отандық Қазақстан-Ресей медициналық университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Астана медицина университеті, А. Яссауи атындағы ХҚТУ, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, Қарағанды медуниверситеті, М. Оспанов атындағы БҚМУ, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы және World Medicine фармацевтикалық компаниясы бірлесіп ұйымдастырды.

Конгресс мақсаты – заманауи медицина және денсаулық сақтау саласында тәжірибе және ғылыми білім алмасу. Іс-шара бір мезгілде Қазақстан мен Ресейдің бірнеше пікірталас алаңында өтті, спикерлер ретінде Қазақстанның және шет елдердің белгілі ғалымдары сөз сөйледі. 

Конгресс отандық медицианының әлемдік деңгейде дами түсуіне ықпал етеді. Мұнда медицинаның барлық салалары қамтылып отыр. Бұл жиынға тек ғалымдар ғана емес, тікелей халықпен жұмыс істеп жүрген дәрігерлер де қатысты, – дейді семейлік медицина ғылымдарының докторы Толқын Бөлегенов.

Жаһандық сын-қатерлер жағдайында денсаулық сақтау жүйесі мен медициналық көмекті ұйымдастырудың қазіргі жағдайына, медицина саласындағы зерттеулер саласындағы соңғы жетістіктерге, денсаулық сақтаудағы заманауи тәсілдерді дамытуға ерекше назар аударылды. 

Конгресс аясында секциялық жұмыстар атқарылды, 14 шеберлік сабағы өткізілді. Қазақстан мен шет елдерден 1500-ден астам қатысушы тіркелді. 170 баяндама оқылды.

Бірінші күні хирургия, жұқпалы аурулар, педиатрия, терапия, психиатрия мен наркология, стоматология, қоғамдық денсаулық сақтау сынды 7 секция бойынша баяндамалар жасалды.

Екінші күні көрнекті дәрігерлердің баяндамалары мен мастер-кластар форматында өтті. 

«Педиатрия» секциясы Кемерово медицина университетімен телекөпір форматында жұмыс істеді. Конгресс аясында Беларусь жоғары оқу орнынан кейінгі білім академиясымен де телекөпір ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, Ресейдің Петербор қаласынан келген остеопатия докторы Разаул Манжугетова «Тоқтамыс» балаларды оңалту орталығында 2 шеберлік сабағын өткізді. 

«Хирургия» секциясында 3 шеберлік сыныбы өтті. Павлодар кардиологиялық орталығының кардиохирургы А. Альбазаров «Аорталық қақпақшаны протездеу», Қарағанды медициналық университеті хирургиялық аурулар кафедрасының профессорлары Н. Абатов пен Р. Бәдіров «Механикалық сарғаю кезіндегі лапароскопиялық операция» және «Лапароскопиялық операциялар» шеберлік сыныптарын ұсынды. 

Конгресс жұмысының соңында ортақ қарар қабылданды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы