Семейде алғаш рет қала әкімін тікелей сайлау өтті
Бүгін Семей қаласында еліміз бойынша алғаш рет қала әкімін тікелей сайлау өтті. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қала аумағында барлығы 129 сайлау комиссиясы жұмыс істейді, оның ішінде 1 аумақтық және 128 учаскелік комиссия. Сайлаушылардың жалпы саны – 220 761 адам.
Облыс әкімі Берік Уәли де қала тұрғындарымен бірге Медициналық университет базасында орналасқан №93 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
Бүгін – Семей қаласы тарихындағы ерекше күн. Қала тұрғындары тұңғыш рет өз әкімін тікелей дауыс беру арқылы сайлауда. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың нақты жүзеге асуының айқын көрінісі.
Семейліктердің белсенді қатысуы – елдегі саяси мәдениеттің өскенін және халықтың өз қаласының тағдырына жауапкершілікпен қарай бастағанын көрсетеді.
Бұл – тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы сенімді нығайтатын жаңа дәуірдің бастауы, – деді аймақ басшысы.
Сайлаушыларға барынша ыңғайлы жағдай жасалған. Барлық учаскелер пандустармен, тактильді бағыттағыштармен және арнайы белгілермен жабдықталған.
Сайлау процесі сағат 7:00-де басталып, 20:00-де аяқталды. Қала әкімі лауазымына үш үміткер қатысты.