Семейде 64 мұқтаж отбасы жаңа пәтерге ие болды

Республика күні қарсаңында Семей қаласындағы әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған 64 отбасыға салтанатты түрде пәтер кілттері табыс етілді деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Көпбалалы отбасыларға және ерекше балаларды, жетім балаларды тәрбиелеп отырған, сондай-ақ толық емес жанұяларға жаңа баспана Қарағайлы шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйден берілді. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев жаңа пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтап, алдағы уақытта қаладағы үй құрылысы қарқын алатынын атап өтті.

Ел Президентінің тікелей қамқорлығы арқасында біздің өңір даму жолына түсіп келеді. Кешенді жоспар қабылданып, тың жобалар жүзеге асатын болады. Біз тұрғын үй құрылысының қарқынын ұлғайтуды көздеп отырмыз. Биыл қалада қаржыландырудың барлық көздері есебінен 496 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда, бұл – 5166 пәтер. Осылайша кезең-кезеңмен баспана санын көбейтеміз, – деді аймақ басшысы.

Семейдің оң жағалау бөлігінде бекітілген бас жоспарға сәйкес Қарағайлы тұрғын ауданының түбегейлі жобасы әзірленді. Ол бойынша бұл аумақта алдағы уақытта 227 тұрғын үй салынып, халқының саны 35 мыңнан асатын болады. 

Ұлттық мереке қарсаңында пәтер кілтін алып, қуанышқа кенеліп отырмыз. Бұл күнді көптен бері күтіп кедік. Он жылдай түрлі пәтерлерді жалдап келдік. Енді, міне, өзіміздің жеке баспанамыз бар. Іші кең, жылы. Біз секілді өз үйім болса екен деп армандап жүрген отандастарыма жұғысты болсын деймін. Барша ел тұрғындарын Егемендік күнімен құттықтаймын! Қазақстанымыз өсіп-өркендей берсін! – деді көпбалалы ана Бақытгүл Қайыржанқызы. 

Қазір аудан су, кәріз, телекоммуникация, жылу және электр энергиясы желілерімен қамтылған. 

Осы шағын ауданда зияткерлік мектеп, 320 орындық балабақша, 5600 орындық «Арена» мәдени-спорттық кешені орналасқан. Бүгінге дейін жалпы ауданы 253,4 мың шаршы метр болатын 41 үй пайдалануға берілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы