Семейде 25 мың орындық жаңа стадионның құрылысы басталды
Семей қаласында 25 мың көрерменге арналған заманауи стадион құрылысы ресми түрде басталды. Бүгін облыс әкімі Берік Уәли жаңа «Smart City» ықшамауданына барып, нысанның алғашқы жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Абай облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл жоба «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында Семей қаласы әкімдігі мен «KAZ Minerals» ЖШС арасында жасалған меморандум бойынша іске асырылуда. 20 гектар аумақта бой көтеретін үлкен спорттық кешен қала инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болып есептеледі.
Қазіргі уақытта стадион құрылысын жүргізетін мердігер ұйыммен үшжақты келісімшарт жасалып, аумақ қоршалды. Жер қазу және тегістеу жұмыстары басталған. Жобаға сәйкес аумақта асфальтбетонды жолдар, алаңдар салынып, инженерлік-коммуникациялық жүйелер толық қамтылады. Архитектуралық және жобалық шешімдер аймақтың табиғи-климаттық ерекшеліктері мен геологиялық жағдайларына сай әзірленген. Құрылыс жұмыстары екі жыл ішінде аяқталмақ.
Облыс әкімі Берік Уәли стадион құрылысының маңыздылығына тоқталып, бұл нысанның семейліктер үшін көптен күткен жаңалық екенін айтты.
Бүгін стадионның құрылыс жұмыстары басталды. Бұл жұмысты бәсеңдетпей, жүйелі жалғастыру қажет. Қаржы кезең-кезеңімен бөлінеді. Семей – қазақ футболының отаны. Қала тұрғындары осы спортты жақсы көреді, сол себепті мұндай стадион өте қажет. Нысан сыйымдылығы жағынан Астана, Алматы және Ақтөбеден кейінгі төртінші орында тұр. УЕФА матчтарын қабылдауға мүмкіндік береді, стандарттарға сай келеді. Бұл жаңа ауданда әлі талай маңызды нысанның құрылысы басталады, – деді аймақ басшысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің бірнеше өңірі Семей қаласына әлеуметтік, мәдени және спорттық маңызды нысандар салуға ниет білдірді.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы Достық үйінің іргетасын қалауға кірісті. Сонымен қатар:
Шымкент қаласы – шығармашылық орталығы мен Мәдениет үйін салып береді;
Түркістан облысы – көрме орталығын тұрғызады;
Астана қаласы – Келешек мектебін салуды жоспарлап отыр;
Ақтөбе облысы – жекпе-жек спорт орталығын салады;
Павлодар облысы – үстел теннисі орталығын салады;
Солтүстік Қазақстан облысы – рәміздер алаңын тұрғызады;
Қызылорда облысы – «Анаға тағзым» орталығын сыйға береді;
Батыс Қазақстан облысы – желілік саябақ салуды қолға алады;
Шығыс Қазақстан облысы – Ертіс өзенінің жағалауын абаттандыру жобасын жүзеге асырады.
Бұл бастамалар Семей қаласының әлеуметтік-мәдени келбетін жаңартуға, қала инфрақұрылымын дамытуға және Абай өңірінің тарихи-рухани маңызын айшықтай түсуге бағытталған.