Семейде 237 отбасыға пәтер кілті табысталды
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Семейде Қарағайлы шағын ауданында 237 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов жаңа баспана иелерін құттықтады.
Ең алдымен, баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күні меркесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін Семей қаласында көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар, бюджет саласының қызметкерлері және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жаңа пәтерлердің иегері атанып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен соңғы жылдары Семей қаласында құрылыс қарқыны айтарлықтай артып, көптеген тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. Бүгін жалпы саны 237 пәтердің кілті табысталды. Осы жылдың наурыз айында да Қарағайлы шағын ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 77 пәтердің кілті табысталған болатын. Сонымен қатар, 2023 жылы кезекте тұрған 211 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді.Соңғы жылдары бұл әлеуметтік әділеттіліктің жарқын көрінісі және халқымыздың тұрмыс жағдайын жақсарту жолындағы игі қадам болып отыр, – деді Нұрбол Нұрсағатов.