Семейде 20 көпбалалы отбасы баспаналы болды
Көпбалалы 20 отбасыға тұрғын үй кілттері табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Семей қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов қала күнін мерекелеу қарсаңында мемлекеттік тұрғын үй қорында «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша кезекте тұрған 20 отбасына Ұшақтар кентінен жеке тұрғын үйлердің кілтін табыстады. Аталған тұрғын үйлер сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйлер болып табылады.
Бүгін 20 отбасы Ұшақтар кенті Архат көшесіндегі үйлердің кілтін алып, баспаналы болды. Маусым айында 37 отбасы өз қоныс тойын тойлаған болатын. Баспана иелерін – осындай айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа үйлер берекелі болып, барша шаңыраққа қуаныш әкелсін!, - деді қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Айта кетейік, биылғы жылдың қыркүйек айының соңына дейін Комсомол кентінен тағы 32 көпбалалы отбасы баспаналы болмақ. Сондай-ақ Семей қаласы бойынша үй кезегінде 13 000-нан астам қала тұрғындары тіркелген. Осыған орай, Қарағайлы ықшам ауданында бюджеттік көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ биыл жыл соңына дейін 200-ге жуық әлеуметтік осал және көпбалалы отбасы тойлайды. Отбасыларды тұрғын үймен қолдаудың кешенді моделі жалғасатын болады.