Семей жылуға дайын болмай шықты: Бектенов облыс әкімінің орынбасарын жазалауды тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жылу беру маусымы жоспарға сай басталғанын айтты. Алайда Семей қаласы жылуға дайын болмай шықты. Үкімет басшысы Абай облысы әкімінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жылу беру маусымы жоспарға сәйкес басталды. Оңтүстік және батыс өңірлерде жылу бекітілген кестеге және ауа райы жағдайына байланысты беріледі, - деді Премьер-министр.
Бектенов жылу көздері мен желілердің дайындығын 1 қазанға дейін қамтамасыз етуді тапсырғанын еске салды.
Бір өңірден басқасының бәрі бұл тапсырманы мерзімінде орындады. Тек Семей қаласында жылу желілері уақытылы дайын болмай шықты. Осыған байланысты Абай облысы әкімінің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын, - деп айтты Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы өңір әкімдеріне жылу беру маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жандандырып, энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отыруды тапсырды.
Жоспарлы параметрлердің бәрі сақталуы керек, сондай-ақ отынның нормативтік қоры мен қосалқы жабдықтардың дайындығын қамтамасыз ету қажет. Халыққа қажетті көмір бағасын тұрақты бақылауда ұстап, отын тапшылығына жол бермеңіздер. Бақылау мен үйлестіру Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевта, - деп айтты Үкімет басшысы Бектенов.
Айта кетейік, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет отырысында өңірлердің жылу маусымына дайындығын баяндады. Оның сөзінше, бүгінгі таңда жылу маусымы 11 өңірде басталып, қалған өңірлердеауа райына байланысты кезең-кезеңімен қосылатынын айтты.