Семей тұрғыны өрттен қаза тапқандар туралы жалған ақпарат таратқаны үшін айыппұл төлейді
Әйел сот жауапкершілігіне тартылды.
2026 жылғы 3 наурызда Семей қаласындағы Balapark children's entertainment center балалар ойын-сауық орталығында өрт шыққан болатын. Арнайы қызметтердің жедел әрекетінің арқасында адам шығынына жол берілген жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алайда қала тұрғыны Instagram желісіндегі қалалық пабликтердің бірінде өрт салдарынан 18 адам қаза тапты деген ақпарат жариялаған.
Мұндай жалған ақпараттың таралуы тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызып, қоғамдық тәртіптің бұзылуына себеп болуы мүмкін еді.
Тұрғынның жеке басы жедел анықталып, оған қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Сот отырысы барысында құқық бұзушы әйел кінәсін мойындады.
Соттың 2026 жылғы 18 наурыздағы қаулысымен ол ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша жалған ақпаратты орналастыру және тарату фактісі үшін 86 500 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Абай облысының прокуратурасы төтенше жағдайлар кезінде шындыққа жанаспайтын ақпарат таратуға жол берілмейтінін және ол заңда көзделген жауапкершілікке әкелетінін ескертті.