Семей қаласында ер адам суға батып кетті

Жазатайым оқиға 2023 жылдың 11 шілде күні Ертіс өзенінің "Пристань" қалалық жағажай ауданында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ Абай облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, 1998 жылы туған ер адам жағада демалып, мас күйінде шомылуға барған. Бір мезетте көзден ғайып болғаны белгілі болды. Дереу іздеу-құтқару жұмыстары басталды.

Бір сағат ішінде құтқарушылар ер адамның жансыз денесін тапты.

Іздеу жұмыстарына барлығы жеке құрамнан 4 адам және 1 жүзу құралы жұмылдырылды.

Айта кету керек, Абай облысы ТЖД қызметкерлері еріктілер мен полиция қызметкерлерін тарта отырып, судағы қауіпсіздік шаралары туралы халықты ескерту бойынша профилактикалық рейдтік іс-шараларды тұрақты негізде жүргізуде.

Рейдтер кезінде мамандар демалушылармен әңгімелеседі, судағы адамдардың қаза болуының негізгі себептері туралы түсіндіріп, олардың арасында мас күйінде шомылу, белгісіз жерлерде шомылу, балаларды ересектердің қарауынсыз суда қалдыру жетекші орын алатынын айтады. Сондай-ақ, ересектердің қарауынсыз су қоймаларында жүрген балалармен әңгімелер өткізіледі.

Алайда, демалушылар қауіпсіздіктің қарапайым талаптарын елемейді, бұл қайғылы жағдайларға әкеледі.

Абай облысы ТЖД облыстың барлық тұрғындары мен қонақтарына судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігі туралы еске салады.

Әр адам келесі ережелерді білуі керек:

- егер сіз балалармен бірге су қоймасында болсаңыз, оларды қараусыз қалдырмаңыз, балаларға ересектерсіз суға кіруге рұқсат бермеңіз;

- тыйым салынған жерлерде шомылуға болмайды;

- жүзу шекараларын белгілейтін қалтқылардан ары жүзбеңіз;

- жүзу құралдарын пайдаланып балық аулау кезінде құтқару кеудешелерін міндетті түрде киіңіз;

- қайықтардан, айлақтардан, сондай-ақ осы мақсаттарға бейімделмеген құрылыстардан суға секірмеңіз;

- тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге болмайды;

- жүзуге арналмаған заттармен жүзуге болмайды;

- техникалық және ескерту белгілеріне, қалтқыларға көтерілмеңіз;

- суға түспеңіз және қараңғы уақытта шомылмаңыз;

- суға алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде кірмеңіз.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда құтқару қызметіне 112 телефонына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы