Семей полигоны аумағын экологиялық зерттеу аяқталады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың халық алдындағы есеп беру брифингінде белгілі болды.
Ведомство басшысының айтуынша, 2021 жылы бұрынғы Семей сынақ полигонының бүкіл аумағын кешенді экологиялық зерттеуді аяқтау жоспарланып отырған көрінеді. Зерттеуге жалпы ауданы 18 311 шаршы шақырымды, яғни аумақтың 100%-ын құрайтын жер қамтылған.
Зерттеу нәтижесінде бұрынғы сынақ алаңының барлық аумағының радиоэкологиялық жағдайы анықталады, - деді Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.
Семей сынақ полигоны 30 жыл бұрын жабылғаны баршаға белгілі. Соған орай полигонның ластанған жерлерінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету алға қойылып отыр.
Бұл туралы «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасының заң қабылдануы мүмкін. Ал аталмыш заң жобасында бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағы мен оған іргелес жатқан жерлердегі радиациялық және экологиялық қауіпсіздіктің тиісті деңнгейін қамту алға қойылып отыр.
Сонымен қатар бұрынғы полигон жерлерін пайдалану мәселелеріне мемлекеттік бақылау күшейтілетін болады.