Абай елі полигон қасіретін әлі тартып келеді – ақын Төлеген Жанғалиев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 29 тамыз – халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні. Еліміздегі ядролық сынақтардың тоқтағанына биыл 30 жыл толып отыр. Адамзатқа төнген зұлматты еске алғанда қырық жыл бойы уланған қазақ даласы – Семей өңірін сөз етпеу мүмкін емес. Табиғат-Ана мен Жер-бесіктің бауырын сөккен полигон бірнеше ғасырға татитын зардабын арқалатып кетті. Осы орайда полигон қасіреті туралы ядролық сынақты өз көзімен көріп өскен Абай елінің тумасы, тұрғыны, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Төлеген Жанғалиевті әңгімеге тартқан едік.
- Аға, қазақ даласын күңіренткен полигонның жабылғанына да биыл 30 жыл толыпты. Сынақтарды өз көзіңізбен көрдіңіз ғой?
- Мен полигонның құрдасымын. Атом бомбасы жер бетінде сыналып жатқан кезеңде дүниеге келген екенмін. Әлі күнге полигонның жырын жырлап келемін. Қарауыл тауының төбесінен саңырауқұлақ тәрізді бомба көкке көтерілгенде, қуанып далаға шығып қарайтынбыз. Баламыз ғой, нені түсінеміз. Жаңағы бомба біртіндеп түтін болып аспанға тарайтын. Зілзала, кесапат дүниені замандастарымның бәрі көрді. Көбі өмірден ерте өтті. Әрине, бәрі полигонның кесірінен болған жүрек-қантамыр аурулары, қатерлі ісік секілді сырқаттардан кетті.
1949 жыл мен 1963 жылдар аралығында атом тек жердің үстінде сыналды. Одан кейін 1989-90 жылдарға дейін жерасты сынақтарын жасады. Сол жарылыстардың бәрін көріппіз. Құдай жар болып, тірі қалыппыз. Алайда құрдас, замандастарымның көбі 50-ден әрі аспай, өмірден ерте кетіп қалды...
1989 жылға дейін 40 жыл бойы Абай елі үлкен зардапқа ұшырады. Адам қолынан жасалған кесапаттың құрбанына айналды. Сол уақыттың ішінде 600-ге жуық бомба жарылыпты. Топырақты, оған шыққан өсімдікті, жерімізді құртты. 40 жыл атомға шыдап, үндемей жүрдік қой.
Полигонның жабылғанына 30 жыл толды деп жатырмыз. «Полигон жабылды!» деп айғайлағанымыз дұрыс шығар. Алайда бүгін тойлататын күні емес, ұлттық қасірет, еске алу күні. Қырылған халықты еске алатын күн. Менің өзімнің әкем де, анам да, інім де осы полигонның кесірінен дертке шалдығып, қайтыс болды. Қалайша еске алу күні болмасын?! Мен бұл күнді аза тұту күні деп есептеймін.
- Полигонды жабуға аудан халқын қалай ұйымдастырдыңыздар?
- Егемендіктің арқасында зардаптан құтылып келеміз. Атомнан бас тартқанымыз үшін Елбасыға үлкен алғысымды айтамын. Тәуелсіздік алмасақ, үлкен атомның астында қалар ма едік?! Істі жүзеге асырған біздің ел – Абайдың халқы. Полигонды жабуға қатысты жалған сөздер айтылып жүр. Бәрін өз көзіммен көрген азамат ретінде айтайын. 1989 жылы теледидардан ақын Олжас Сүлейменов үндеу жолдады. Сол уақытта полигонның қаншалықты зияндығын түсінгендей болдық. Ол кезде партияның дүрілдеп тұрған шағы, ешкім бізді тыпыр еткізбейді. Мен аудандық партияның комитетінде хатшы болып тұрдым. «Полигон жарылады» дегенді естігенде, халықты құлағдар қылып, мектептегі сабақтарды тоқтатып жүрдік. Семей облысының сол кездегі әкімі Кешірім Бозтаевтың айғайы бірінші басталды. Ештеңеден тайсалмай Горбачевқа хат жазған адам. Оған бару сол кезде үлкен ерлік еді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Матаев деген ақсақал: «Халықты ұйымдастырайық, Олжасты қостайық!» деді. Аудандық партия комитетінде идеология хатшысы болып жұмыс істейтініме қарамастан, бас көтеріп, мыңдаған адам акция өткіздік. Елге белгілі азаматтар да қолдады. Абай ауданының Қарауыл ауылында Абай елі мен Абыралы, Бесқарағай ауылының халқы пәрмен айтып, осында жиналды. «Полигон жабылсын!» деген плакаттарды ұстап алған. Олжас Сүлейменов келді. 1989 жылдың 29 тамызы күні үлкен митинг өтті. «Невада-Семей» қозғалысы басталған соң бүкіл әлемге таралды. Қазір полигонды жапқандар көп қой. Ал шын мәнінде оны жапқан – көрнекті ақын Олжас Сүлейменов пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы қол қойып, заңды түрде жапты.
Ал полигон туралы жазатындар да көп. Бірақ Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» кітабында ғана нақты дәлелмен жазылған.
- Полигон жабылғанымен, жергілікті халық зардабын әлі тартып келеді.
- Иә, ауызбен айтуға жеңіл. Туғанымыздан атомның қасіретін көріп келеміз. Ауданымыз шағын, 17 мыңдай ғана халқы болғанымен, ауырмайтын адам жоқтың қасы. Анемия, қан ауруы, қан қысымы, жүрек ауруы, онкологияға, тұқым қуалайтын айықпас дертке шалдыққан жан көп. Жастардың арасында асылып өлу (суицид) көп таралып отыр, себебі полигон психикаға да әсер етеді дейді. Жапа шеккендерге көмек көрсетілуі тиіс. Кейбір мемлекеттік мекеменің қызметкерлеріне азын-аулақ өтемақы төленеді дейді. Шындықты айтар болсақ, зейнеткерлер, қарапайым халық ешқандай көмек көріп отырған жоқ. 1963 жылға дейін туғандар ғана көмек көрсетілген екен. Одан кейінгі жылдары дүниеге келгендерге көмек жоқ. Ал полигон жерасты сыналғанда зиян емес пе? Полигонды жаптық дегенімізбен, зардабын көріп келе жатқан адамдарға көмек, жеңілдік берілсе деген тілегімді айтқым келеді. Полигон зардабын 40 жыл жұтқан халықты сауықтыру керекпіз.
Елбасымыздың қарусыздандыру жөніндегі жұмысы алға жылжи берсін. Халқымыз енді қасірет көрмесін!
- Әңгімеңізге рахмет!