Семей орманындағы өрттің таралуы тоқтатылды
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі уақытта Семей орманындағы өрттің таралуы тоқтатылды. Орман аймағында жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, оқиға орнында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің басшылығы және қоғамдық тәртіпті, азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полиция қызметкерлері жүр.
Естеріңізге сала кетсек, 1 маусымда «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватына қарасты Жаңа Семей филиалы, Подгородный орманшылығында өрт шыққан. Жалынға оранған – қарағай ағаштары.
Өртті сөндіруге орманшылармен қатар, облыстық төтенше жағдай департаментінің, жергілікті әкімдіктердің, №68303 әскери бөлімінің күштері жұмылдырылды. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамнан 399 адам және 85 техника қатысты.
Семей шаһарының өзінде өрт қауіптілігінің 5 сыныбы жарияланды. Жағдайды әуеден бақылау үшін «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің «МИ-2» тікұшағы да тартылған.
Жалпы, өртке найзағай себепші болған деген болжам бар.
«Семей орманы» резерватындағы орман ағаштардың басымен таралғанын атап өткен жөн. Күшті екпінді жел жалынды сөндіру шарасын біршама қиындатқан. Жаңа Семей және Семей филиалдарының өрт сөндіру жасақтары өртті ауыздықтауға толық жұмылдырылды. Сонымен қатар, Канонер, Жаңа Шүлбі, Бородулиха, Бөкебай филиалдарынан да қосымша көмек жіберілді.
Семей қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының соңғы мәліметтерінше, қазір өрттің жекелеген ұсақ ошақтарын сөндіру жалғасып жатыр.