«Семей орманында» өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда: Премьер-министр жағдайды бақылауға алды
Өртті сөндіруге тікұшақтар мен 350-ден астам қызметкер жұмылдырылды.
2026 жылғы 16 шілдеде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасуда.
Сағат 14:50-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге резерваттың мемлекеттік орман күзетінің 97 қызметкері мен 38 бірлік техникасы, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 158 қызметкері мен 22 бірлік техникасы, ҚР Ішкі істер министрлігінің 101 қызметкері мен 25 бірлік техникасы, сондай-ақ «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның екі тікұшағы, ҚР Қорғаныс министрлігінің Ми-17 және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ми-8 тікұшақтары жұмылдырылды.
Жалпы әуе техникасымен 82 рет су төгу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде «Қазавиаорманқорғау» РМҚК тікұшақтары – 58 рет, ҚР Қорғаныс министрлігінің Ми-17 тікұшағы – 19 рет, ҚР ҰҚК-нің Ми-8 тікұшағы – 5 рет су төгу жұмыстарын орындады.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің ауданы шамамен 60 гектарды құрайды. Өрт қарағайлы орман алқабында тіркелген, кей жерлерде төменгі өрт жоғарғы өртке ұласуда.
Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасуда. Премьер-министр жағдайды жеке бақылауында ұстап отыр. Жауапты мемлекеттік органдардың басшылары сағат сайын жедел баяндама ұсынуда.