«Семей орманы» резерватындағы ірі орман өрті оқшауланды
Өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, оған жүздеген маман мен ондаған техника жұмылдырылған.
Төтенше жағдайлар министрлігі Абай облысында 16 шілдеден бері өршіп тұрған ірі орман өрті оқшауланғанын ресми мәлімдеді.
Құтқарушылар өртпен күрес барысынан түсірілген кадрларды жариялады.
Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Бородулиха филиалының Камышенка орманшылығы аумағындағы өрт оқшауланды, – делінген ТЖМ хабарламасында.
Еске салайық, Абай облысындағы орман өрті 16 шілдеде басталған. Тілсіз жаумен күресуге ТЖМ, ІІМ, ҰҚК, Қорғаныс министрлігі, орман шаруашылығы мекемелері, жергілікті атқарушы органдар мен Денсаулық сақтау министрлігінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Өртті сөндіруге 623 адам, 169 бірлік жерүсті техникасы және жеті тікұшақ қатысты. Өрт сөндірушілердің жұмысын аптап ыстық, өрт қаупінің жоғары деңгейі және жетуі қиын жер бедері күрделендірді.
Ел премьер-министрінің тапсырмасымен оқиға орнына Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов пен экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев барды.