"Семей орманы" өртінен кейін орманшылардың жалақысы қаншаға өсті?
Вице-министр орман шаруашылығы қызметкерлерінің қазіргі жалақы мөлшерін атады.
Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шәрбиев орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысына қатысты мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметтегі брифинг барысында журналистер «Семей орманы» резерватындағы алапат өрттен кейін орманшылардың еңбекақысы қаншалықты өскенін сұрады.
Президенттің тапсырмасы бойынша 2022 жылдан 2024 жылға дейін барлық азаматтық қызметкерлердің жалақысы екі есеге, яғни 100 пайызға өсті. Сонымен қатар орман өрт сөндіру станцияларындағы қауіпті еңбек жағдайларына байланысты өртті сөндіруге қатысатын барлық қызметкерге 100 пайыздық үстемақы қарастырылған. Орташа жалақы мөлшері мынадай: өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі – еңбек өтіліне қарай шамамен 275 мың теңге, орман өрт сөндіру станциясының басшысы – 355 мың теңге, орман өрт сөндірушісі – 250 мың теңге алады. Ал ормандар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жұмыс істейтін мемлекеттік инспекторлардың жалақысы бұдан да жоғары, – деді вице-министр.
Сондай-ақ Нұркен Шәрбиев өрт қаупі жоғары жағдайда жұмыс істегені үшін берілетін 100 пайыздық үстемақы барлық қызметкерге бірдей төленбейтінін айтты.
Бұл – әкімшілік қызметкерлер, маусымдық негізде жұмысқа тартылатын жұмысшылар, бухгалтерлер мен экономистер. Олардың орташа жалақысы шамамен 150-160 мың теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш тәлімбақтарда жұмыс істейтін қызметкерлерге де қатысты, – деді Нұркен Шәрбиев.