1 Қараша 2026, 19:16 Фото: istockphoto.com

«Семей орманы» орман алқабын қалпына келтіруге 300 млн теңге бөлінеді

Жоба аясында 762 гектар аумаққа 3 миллион қарағай көшеті отырғызылып, орман өртінен қорғау инфрақұрылымы жаңартылады.

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында бірегей қарағайлы алқапты қалпына келтіру және молықтыруға бағытталған ауқымды жоба басталды.

Бағдарлама 2027 жылға дейін жүзеге асырылады. Ол бұрынғы жылдары өрттен зардап шеккен аумақтарды қоса алғанда, 762 гектар жерді қамтиды.

Жоба ірі табиғи өрттерден зардап шеккен орман экожүйелерін кешенді түрде қалпына келтіруге бағытталған. Кәдімгі қарағайдың 3 миллион көшетін отырғызумен қатар, орман отырғызу техникасын жаңғырту, көшетханалардың жылыжай шаруашылығын жөндеу және орман алқабын қайта өрттен жедел қорғау үшін екі модульдік орман өрт сөндіру станциясын орнату көзделген, – деп хабарлады ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Күзгі орман отырғызу жұмыстары резерваттың жеті филиалында басталып кетті. Көшет отырғызуға орман күзетінің 238 маманы мен 40-тан астам арнайы техника жұмылдырылған.