Семей мен Өскеменде жаңа ЖЭО-ны кім салатыны белгілі болды
"Самұрық-Энерго" компаниясы Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын (ЖЭО) салумен айналысады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Компания басшысы Қайрат Мақсұтов Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдерімен кездесіп, болашақ станциялардың негізгі параметрлерін талқылады. Электр және жылу қуаты өңірлердегі тұтынудың өсуі мен перспективалық даму жоспарларына сәйкес айқындалмақ.
Қазіргі таңда қаржыландыру тарту және технологиялық шешімдерді бекіту жұмыстары аяқталуға жақын. Нысандарды салу барысында "таза" көмірдің заманауи технологиялары қолданылатыны атап өтілді. Бұл экологияға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.
Өңір әкімдері ЖЭО салудың қалалар үшін маңыздылығын атап өтіп, жобаларды қолдауға дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, жер телімдерін бөліп беріп, қажетті инфрақұрылымды салуға жағдай жасалмақ.
Бұған дейін Қазақстанда жаңа ЖЭО-лар "таза көмір" технологияларын пайдалану арқылы тұрғызылатыны хабарланған болатын.