Селфи жасамақ болған жасөспірім вагон үстіне шығып, денесінің 60 пайызын күйік шалды
Қамқоршы кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды
Қостанай облысында селфи жасамақ болған жасөспірім вагон үстіне шығып, денесінің 60 пайызын күйік шалған.
Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және білім беру, олардың құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін баланың қамқоршысына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.
Сотта анықталғандай, қамқоршы кәмелетке толмаған 2010 жылы туған В.-ның қамқоршысы бола отырып, баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттердің тиісінше орындалуын қамтамасыз етпеген.
2026 жылғы 25 маусымда сағат 21:00-де Қостанай станциясының Оңтүстік темір жол паркінің аумағында болған кәмелетке толмаған В. фотосуретке түсіру мақсатында байланыс сымының астында тұрған поезд вагонына көтерілген. Электр тоғынан зақымдану нәтижесінде бала ауыр жарақат алған, оның ішінде жалпы ауданы 60 пайыз болатын ІІІ дәрежелі күйік шок, мұрны мен тілінің жарақатын алған, - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот отырысында қамқоршы өз кінәсін толық мойындады. Ол немере інісінің анасы қайтыс болғаннан кейінгі қамқоршысы екенін түсіндірді.
Сот қаулысымен қамқоршы 43 250 теңге мөлшерінде айыппұл сала отырып, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Соттың қаулысы заңды күшіне енген жоқ, - деп жазылған сот хабарламасында.