Сексуалдық бағдар – әркімнің жеке ісі: Сарапшы балаларды күмәнді контенттен қорғауды ұсынды

Жастар арасында ЛГБТ насихатына, соның ішінде жыныс ауыстыру мәселелеріне қатысты сұрақтар Қазақстан қоғамында көптеген пікірталас тудырып отыр. Бұл туралы “Өркендеуге жәрдемдесудің Ұлттық қоры” жетекшісі Үсен Сүлеймен кәмелетке толмағандарға ЛГБТ насихатының әсері туралы зерттеу нәтижелерін талқылауға арналған сараптамалық жиын барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мен дипломатпын және Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелер мен азаматтарға, оның ішінде сексуалдық азшылық өкілдеріне берілген құқықтық кепілдіктер жөнінде жақсы білемін. ЛГБТ-ны жастар арасында насихаттау, соның ішінде жыныс ауыстыру мәселесі, қоғамда үлкен пікірталас тудырып отыр және бұған өте мұқият қарау қажет. Бірақ бір қағидатты ұмытпау керек: адамның құқықтары басқа адамның құқықтары басталатын жерден тоқтауы тиіс, – деді сарапшы.

Сүлейменнің айтуынша, ЛГБТ өкілдерінің құқықтарын ескере отырып, балаларын дәстүрлі мәдени ортада тәрбиелегісі келетін миллиондаған қазақстандық ата-ананың құқықтарын елемеуге болмайды.

Әркім өз құқықтарын жүзеге асыру арқылы басқа азаматтардың құқығына нұқсан келтіруге тиіс емес. Енді бәріміз қоғамдық кеңістікте неге рұқсат беруге болатынын және неге болмайтынын анықтап алуымыз керек. Сексуалдық бағдар, жыныстық серіктесті таңдау және онымен ара-қатынасты қалыптастыру – бұл әр азаматтың жеке өміріне қатысты мәселе. Бұл – жеке, жабық тақырып, оны бұқаралық ақпарат құралдарына шығаруға болмайды. Мен бұған қатаң түрде қарсымын, – деді ол.

Сүлеймен 2022 жылдың желтоқсанында Қазақстан әйелдердің денсаулығы мен отбасылық әл-ауқатты қолдау жөніндегі Женева декларациясына қосылғанын да еске салды. Оның айтуынша, бұл құжат елдерге дәстүрлі отбасы мен ұлттық құндылықтар мүддесінде саясат жүргізуге құқық береді.

Көптеген елдерде жастар арасында мұндай ақпаратты таратуға шектеу қоятын заңнамалар бұрыннан бар. Бұл – дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды қоғамдық орындарда, БАҚ-та және интернетте насихаттауға тыйым салуды қамтиды. Біз өз аналитикалық есебімізде осыған қатысты халықаралық мысалдарды келтірдік, – деді құқық қорғаушы.

Зерттеу нәтижесі бойынша қор келесі заңнамалық шараларды ұсынады:

Жасөспірімдердің психикасы мен дамуына кері әсер етуі мүмкін ақпараттың таралуын шектеу;

Интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық іс-шараларда белгілі бір материалдарға жас ерекшелігіне байланысты шектеу енгізу;

Балалар аудиториясын қорғау саласындағы нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту.

Еске салайық, бұған дейін Астанада ЛГБТ-ның жасөспірімдерге әсері талқыланып жатқанын хабарладық. 

ЛГБТ үгіт-насихаты балаларға теріс әсер ететіні дәлелденгені туралы жаздық. 

Сондай-ақ, 1 жылда әлеуметтік желілерде ЛГБТ жайлы 1559 жарияланым тіркелген

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы