Сексеуіл отаған браконьер ұсталды

Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының тәртіп сақшылары Балқаш ауданының аумағында сексеуілді заңсыз отады деген күдікпен 41 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.

Облыс аумағында «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында табиғат қорғау полициясы арнайы рейд ұйымдастырып, Балқаш ауданындағы Береке ауылының маңынан шанағы сексеуілген лық толы ГАЗ-53 жүк көлігін ұстады. Заңсыз жүктің иесі ешқандай рұқсат құжатын көрсете алмағандықтан, көлік жергілікті полиция бөлінісіне жеткізілді.

«Жүк көлігінде 3 текше метрден астам жас сексеуіл бар екені анықталды. Елімізде сексеуілді шабуға 2023 жылға дейін тыйым салынған. Бұл дерек бойынша мемлекетке келтірілген шығын есептелуде. Фактіге сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Тергеу барысында тұрғынның қандай мақсатта тыйым салынған ағашты ірі көлемде әзірлегені анықталатын болады. Тәркіленген сексеуіл арнайы қабылдау орнына өткізілді»,- деп атап өтті облыстық Табиғат қорғау полициясының инспекторы Бағлан Рымжанов.



«14 ақпан күні бастау алған «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер заңсыз ағаш кесу дерегі бойынша 8 қылмыстық іс қозғады және 10 текше метрден астам ағаш тәркіленді»,- деп толықтырды облыстық полиция өкілі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы