Seed money бағдарламасы аясында стартаптар қаржыландырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да «Astana Hub» Seed money бағдарламасының іске қосылуы туралы өткен брифингте «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркінің PR, маркетинг және ивенттер кеңсесінің директоры Марат Шакен айтты.

Seed money бағдарламасы стартаптарды үш кезең бойынша қаржыландырады. Алғашқысы, стартаптың алғашқы өнімі бар кезінде жүзеге асырылады. Бұл кезеңде 5 млн теңгеге дейін қаржыландыруға мүмкіндік береміз. Екінші кезеңде стартаптың белгілі бір инвестициясы мен клиенттері бар кезде 10 млн теңге беріледі. Үшінші кезеңде 6 айлық жұмыс нәтижесі бар стартаптарға 20 млн теңге беріледі, - деді ол.

Оның айтуынша, бөлінген қаржыны өнімді дамыту мен маркетингтік шараларға жұмсауға болады.

Бұл орайда нақты тәртіптер бар. Оларды орындау керек. Стартаптар өздерінің мақсатты шараларына қаржыны жұмсай алмайды. Себебі есеп жүргізіледі. Бұл бағдарлама алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Қаржыландыру жүйесі жалғасын табады деп ойлаймын. Қаржыландыру туралы бар ақпарат «Astana Hub-тың» ресми сайтында бар, - деді Шакен.

Ол атағандай, стартаптарды қаржыландыру үшін бюджет ақшасы пайдаланылмайды.

Қаржыландыру revenue share қағидаты бойынша, яғни пайда мен тәуекелдерді бөле отырып, Astana Hub-тың меншікті қаражатынан жүргізіледі. Оның орнына стартаптар 3 жыл ішіндегі табыстың 1% төлеуге міндеттеледі, - деді Шакен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы