Щучинскідегі жойқын жарылыс: Тағы бір адам қайтыс болды, қаза тапқандар саны 8-ге жетті
Қазіргі уақытта барлық зардап шеккендер медициналық мекемелерде ем қабылдауды жалғастырып жатыр.
26 ақпанда Щучинскіде жарылыс пен одан кейінгі өрт салдарынан зардап шеккен тағы бір адам көз жұмды. Осылайша, қайғылы оқиға құрбандарының саны сегізге жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Марқұм бүгін Бурабай ауданының «Авиценна Бурабай» көпсалалы ауданаралық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан. Оның қайтыс болғанын Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады.
Қайтыс болған науқастың денесінің 85 пайызы күйіп қалған, оның жағдайы өте ауыр болған.
Ведомствоның мәліметінше, дәрігерлер бірнеше күн бойы науқастың өмірі үшін күрескенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Еске салайық, 26 ақпан күні сағат 21:57 шамасында Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан жеті адам қаза тапты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.
26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.
Айта кетейік, Щучинскідегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. ТЖД жанынан жедел желі ашылды.
Кейін жарылыстың бір куәгері әріптестерімен бірге зардап шеккендерге көмек көрсеткенін айтты.
Белгілі болғандай, Ақмола облысы Щучинск қаласы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың айтуынша, жарылыс ауызашар уақытында болған жоқ. Зардап шеккендердің арасында кішкентай балалар болмаған.
Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімдеген еді.