Бүгiн 2026, 16:17 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Сырым Рахимбеков

Щучинскідегі жарылыстан қаза тапқандар саны тоғызға жетті

Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті.

Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті. Бұл туралы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқиға салдарынан 28 адамның зардап шеккенін, жетеуі қаза тапқанын хабарлаған болатын. Оның бесеуі оқиға орнында көз жұмса, екеуі ауруханада қайтыс болған. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізілді.

2 наурыздағы жағдай бойынша «Авиценна-Бурабай» стационарында төрт зардап шегуші ем қабылдап жатқан, тағы төртеуі Ақмола облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде болған. Өңір дәрігерлері әрбір науқастың өмірі үшін күресіп, барлық кадрлық әлеуетті, медициналық техниканы және қажетті дәрі-дәрмекті жұмылдырған.

Алайда осы сәтте Щучинскідегі стационарда жатқан ең ауыр екі науқастың барлық жасалған шараларға қарамастан көз жұмғанын өкінішпен хабарлаймыз. Осылайша, қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті, - деді Нариман Ермек.

Бұған дейін Щучинскіде жарылыс пен одан кейінгі өрттен зардап шеккен тағы бір адамның қайтыс болғаны хабарланған еді. Ер адам Бурабай аудандық көпсалалы ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан.

Сондай-ақ 2 наурыз күні  «Центр плова» дәмханасының иесі ұсталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Еске салайық, 26 ақпан күні сағат 21:57 шамасында Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан  жеті адам қаза тапты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.

26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.

Айта кетейік, Щучинскідегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. ТЖД жанынан жедел желі ашылды.

Кейін жарылыстың бір куәгері әріптестерімен бірге зардап шеккендерге көмек көрсеткенін айтты.

Белгілі болғандай, Ақмола облысы Щучинск қаласы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың айтуынша, жарылыс ауызашар уақытында болған жоқ. Зардап шеккендердің арасында кішкентай балалар болмаған.

Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімдеген еді.