Щучинскідегі жарылыс: Зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Жарылыстан 85% күйік шалған бір науқастың жағдайы аса ауыр.
Ақмола облысының Көпбейінді облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыс салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде тәулік бойы төрт ауыр деңгейдегі науқас ем қабылдауда. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр, тұрақты. Бір науқастың күйік аумағының 85% болуына байланысты жағдайы аса ауыр. Өкпені жасанды желдету жүргізілуде, - деп хабарлады Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлер мәлім еткендей, зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде, күн сайын штаттан тыс бас мамандардың қатысуымен консилиумдар өткізілуде.
Көпбейінді облыстық аурухана мамандары эфферентті терапия әдістерін қосуды жүзеге асыруда. Барлық қажетті дәрілік заттар мен шығыс материалдары жеткілікті мөлшерде бар. Күн сайын республикалық жедел медициналық көмек орталықтарына есеп беріліп, консилиумдар өткізілуде, - делінген хабарламада.
Аталған қайғылы жағдай Ақмола облысы әкімдігінің және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында.
Еске салайық, 26 ақпан күні сағат 21:57 шамасында Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан жеті адам қаза тапты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.
26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.
Айта кетейік, Щучинскідегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. ТЖД жанынан жедел желі ашылды.
Кейін жарылыстың бір куәгері әріптестерімен бірге зардап шеккендерге көмек көрсеткенін айтты.
Белгілі болғандай, Ақмола облысы Щучинск қаласы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың айтуынша, жарылыс ауызашар уақытында болған жоқ. Зардап шеккендердің арасында кішкентай балалар болмаған.