Бүгiн 2026, 10:47 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Сырым Рахимбеков

Щучинскідегі жарылыс: Зардап шеккендердің арасында кішкентай балалар болмаған 

Щучинск қаласындағы кафеде болған қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде "зардап шеккендердің арасында кішкентай бала бар" деген ақпарат тарады.

Щучинск қаласындағы кафеде болған қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде "зардап шеккендердің арасында кішкентай бала бар" деген ақпарат тарады. Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарып, қаза тапқандар мен ауруханаға жатқызылғандар жайлы деректер ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Нариманның айтуынша, қазіргі таңда стационарларда 13 адам ем қабылдап жатыр.

Зардап шеккендердің жағдайы ауыр және орташа ауырлық дәрежесінде. Қазір Щучинск аудандық ауруханасында реанимация бөлімінде 4 ауыр науқас жатыр, тағы 3 пациент травматология бөлімінде ем алуда. Осылайша, Щучинск ауруханасында 7 адам бар. Сонымен қатар түнде 6 адам көпбейінді облыстық ауруханаға эвакуацияланды, – деді ол.

Оның сөзінше, ауруханаға жатқызылған 13 адамның 10-ының жағдайы ауыр.

Үшеуі бейінді бөлімшеде ем алып жатыр, яғни олардың жағдайы орташа қалыпта. Қалған 10 адамның төртеуі Щучинск аудандық ауруханасында, алтауы облыстық ауруханада жатыр. Олардың жағдайы ауыр, – деп нақтылады Нариман.

Сондай-ақ ол балаға қатысты тараған ақпаратқа жеке тоқталды.

Әлеуметтік желілерде зардап шеккендердің арасында кішкентай бала бар деген де тарады. Жоқ, бұл ақпарат расталмайды. Ең жас зардап шеккен науқас – 15 жастағы қыз, өкінішке қарай, ол ауруханада қайтыс болды, – деді басқарма басшысы.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, қаза тапқандар саны жеті адамды құрайды. Олардың бесеуі жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі реанимацияда жүргізілген шараларға қарамастан қайтыс болған.

Дәрігерлердің нақтылауынша, зардап шеккендердің басым бөлігі әртүрлі дәрежедегі күйік алған.

Көпшілігінде бет, жоғарғы және төменгі аяқ-қол күйіктері бар. Кейбір науқастарда ингаляциялық күйік, яғни ішкі тыныс алу жолдарының күйігі анықталған. Қазіргі негізгі патология – күйіктен кейінгі асқынулар, яғни күйік ауруы мен термиялық шок. Науқастар жағдайының ауырлығы осыған байланысты, – деп қосты ол.

Еске салайық, Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан  жеті адам қаза тапты. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.

26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.

Айта кетейік, Щучинскідегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. ТЖД жанынан жедел желі ашылды.

Кейін жарылыстың бір куәгері әріптестерімен бірге зардап шеккендерге көмек көрсеткенін айтты.