Щучинскідегі «Палау орталығында» болған өрттен қаза тапқандар саны 12 адамға жетті
Щучинск қаласындағы «Палау орталығы» кафесінде болған өрттен зардап шеккен тағы бір адам ауруханада көз жұмды. Осылайша қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандар саны 12 адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Nayza Kokshe басылымына сілтеме жасап.
Астанадағы клиникалардың бірінде ем алып жатқан 48 жастағы ер адам ұзақ уақыт өмір үшін күрескенімен, қайтыс болды. Ол ауруханаға жеткізілгендер арасындағы кезекті көз жұмған науқас болды: бұған дейін тағы жеті адам емдеу орындарында қайтыс болған, ал бесеуі оқиға орнында қаза тапқан.
Еске сала кетейік, қайғылы жағдай 26 ақпан күні кешке болған. Кафе ғимаратында газ-ауа қоспасы жарылып, артынша өрт шыққан. Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп, жазбалар әлеуметтік желілерде тез тараған.
Оқиға орнында бірден бес адам қаза тауып, тағы екеуі медицина мекемесіне жеткізілген кезде көз жұмған. Зардап шеккендер өңірдегі ауруханаларға бөлініп орналастырылған: кейбірі жансақтау бөлімінде ауыр және өте ауыр жағдайда жатты, ал басқалары амбулаториялық ем қабылдаған. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізілген.
Оқиғаның себептері бойынша тергеу жалғасып жатыр.