Щучинскіде жас патриоттар спартакиадасының қорытындысы шығарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің барлық өңірінен келген «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының және «Жас ұлан» республикалық мектептерінің 80-ге жуық тәрбиеленушісі Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналған жарыстарға қатысты. 

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әскери-патриоттық клубтар арасында Солтүстік Қазақстан облысының жасөспірімдері алдына жан салмады. Петропавлдан келген Евгений Мосиенко пневматикалық мылтықтан оқ атуда, шаңғы жарысы мен белтемірге тартылуда жаттығуды 34 рет орындап, жеңімпаз атанды.

Оқу орындары арасындағы командалық сайыста Шымкенттегі Сабыр Рақымов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері үздік деп танылды.

Жеңіске жеткендер мен жүлделі орындарға ие болғандарды құттықтаймын. Қалған командалардың бәріне алдағы уақытта сәттілік тілеймін, – деп атап өтті Бас штаб бастығының орынбасары, Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев. 

Жарыс Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің және Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының оқу-жаттығу орталығы базасында өткенін айта кетелік.

Жасөспірімдер төрт күн бойы пневматикалық мылтықтан оқ ату, белтемірге тартылу және шаңғы жарысы мен әскерилендірілген эстафетадан бақтарын сынады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы